Қоғам

Алматыда ер адам өз-өзін пышақтамақ болды

Алматы-1 аумағында ер адам өзін пышақтамақ болып, полиция құтқарып қалды.

«Алматы-1» аумағында ер адам суицид жасамақ болған. Алматы қаласы Полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағы оны құтқарып қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы арнайы жасақ қызметкерлеріне жолдан өтіп бара жатқан азамат хабарлаған. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер қолында пышағы бар, эмоциялық күйзелісте тұрған азаматты анықтады. Ер адам не себепті мұндай әрекетке барғанын түсіндіре алмаған. Кейін ол медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін дәрігерлерге тапсырылды.

«Біздің қызметкерлер өте жылдам әрі сақ әрекет етті. Ең бастысы, адам өмірін сақтап қалу болды. Азаматтың қырағылығы мен ЖҚАЖ жауынгерлерінің жедел жұмысының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алдық», – деді Алматы қаласы ПД ЖҚАЖ командирі Азамат Исергужин.

Алматы қаласы Полиция департаменті бейжай қарамай, уақытылы хабар берген тұрғындарға алғыс білдіреді және азаматтарды өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін кез келген жайт туралы дереу «102» нөміріне хабарлауға шақырады.