«Баланы алдап, дүкенге апарған»: БҚО-да 5 жасар қызды зорлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты
БҚО-да ер адам 5 жасар қызды ұрлап, оны ешкім жоқ жерде зорлаған.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған баланы ұрлап, жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен ер адамға үкім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Сот оны кінәлі деп танып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
«Сотталушы жәбірленушінің сыртқы келбетінен оның кәмелетке толмаған бала екенін анық біле тұра, тәтті сатып әперіп, алдау арқылы оны адам жоқ жерге ертіп кеткен. Осылайша жәбірленушіні ұрлап, сол жерде заңсыз ұстап, кәмелетке толмағанның жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыс жасаған», – деп хабарлады сот.
Айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ.
Оқиға 22 тамызда Тасқала ауданында болды. Бес жасар қыз дүкенге ер адаммен бірге кетіп, қайтып оралмаған. Бір тәуліктен кейін олар орман алқабынан табылды. Күдікті қатты мас күйінде ұйықтап жатқан, ал бала ес-түссіз болған. Қыз ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер баланың сексуалдық сипатта зорлық көргенін және шок жағдайында екенін растады.
Ер адамның бұрын ауыр қылмыс үшін сотталғаны және жазасын әлі өтеп болмағаны анықталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.