Қоғам

Мәйіті қоқыс жәшігінен табылды: Шымкентте үй тазалаушы келіншекті өлтірген 17 жастағы жігіт сотталды

Шымкентте оқушы 26 жастағы үй тазалаушы келіншекті өлтіріп, оның денесін қоқысқа лақтырған.

Шымкентте үй жинауға келген 26 жастағы келіншекті айуандықпен өлтірген жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Тергеу дерегіне сәйкес, жоғалған әйелдің денесі он күннен кейін қоқыс контейнерінің жанынан табылған.

Кәмелет жасқа толмаған А. 2025 жылы 21 шілдеде Telegram желісінде үй тазалап беретін қыз-келіншектер қажет екені туралы жарнама жариялаған. Жәбірленуші осы жарнама бойынша хабарласып, сол күні үйді тазалап, келіскен еңбекақысын сұраған.

"Алайда А. ақша төлемеу мақсатында жәбірленушіні өлтіріп, оның ұялы телефонын ұрлаған. Кәмелетке толмаған сотталушының кінәсі өзінің, жәбірленушілердің, куәлердің жауаптарымен, сараптама тұжырымдарымен, заттай дәлелдермен дәлелденді", - деп жазылған сот хабарламасында.

Сот жасөспірімді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі, 188-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оған қылмыстардың жиынтығы бойынша 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тергеу барысында марқұмның денесін қорлау дерегі дәлелденбеген. Алайда Диана Оңғарбаеваның туыстары үкімді әділетсіз деп санайды және апелляцияға жүгінбек.

Марқұмның әпкесі Айдана Оңғарбаева соттың шешімімен келіспейтінін айтты.

«Мұндай қатыгездік үшін 7 жарым жыл — мүлде жеткіліксіз. Ол бірнеше рет пышақ сұғып, бәрін саналы түрде жасады. Зорлау ниеті болды деген деректер де бар, бірақ бұл эпизод дәлелсіз деп танылды. Ал денені пакетке орап, қоқысқа тастау — қорлау емес пе? Екі қыз анасынан айырылды, мұның өтеуі қайда?», - деді ол.

Сот материалдық өтемақы ретінде жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге өндіруді міндеттеді.