Қоғам

Жамбыл облысында 6 жыл бойы балаларды құлдықта ұстаған өгей әкеге қатысты сот үкімі шықты

Жамбыл облысында өгей ұлдарын құлдықта ұстаған өгей әке сотталды.

Жамбыл облысында өгей ұлдарын құлдықта ұстап, азаптаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айыпталушы Ұзақбай Тұрбаевқа қылмыстық кодекстің “азаптау” бабы бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ер адам жасөспірімдерді жүйелі түрде ұрып-соғып, негізгі қажеттіліктерінен шектеп келген.

Айыпталушы кінәсін мойындамады. Ол өзіне жала жабылғанын айтты. Алайда сотта бұл деректер медициналық құжаттармен және бейнежазбалармен расталды.

Балалар сабақ оқу орнына, үй шаруасымен және мал бағумен айналысқан. Мемлекеттік айыптаушы жасөспірімдер жасына сай дамымаған, әрі күтімсіз күйде болғанын айтады.

Ал күдіктінің қорғаушылары отбасының жақсы өмір сүргенін және оның ешқандай заңды бұзбағанын жеткізді. Керісінше, олар Тұрбаевтың балаларға әке болып, қамқорлық көрсеткенін алға тартты. Тіпті оның діндарлығын да жағымды сипат ретінде көрсетпек болған.

Мемлекеттік айыптаушы Тұрбаевқа төрт жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот Ұзақбай Тұрбаевты кәмелетке толмаған балаларды азаптағаны үшін кінәлі деп танып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Айыпталушы үкіммен келіспейтінін мәлімдеп, апелляцияға шағым түсіретінін айтты.