Телефонға ұзақ қараған 25 жастағы жігіт мойнын көтере алмай қалды
Жапонияда телефонға еңкейіп көп қараған ер адамның мойны салбырап қалды.
Жапонияда 25 жастағы тұрғын ұзақ уақыт бойы телефонға еңкейіп қарағаннан басын өздігінен көтере алмайтын жағдайға жеткен. Бұл туралы Oddity Central хабарлады, деп жазады KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Дәрігерлер оған еңкейген бас синдромы диагнозын қойған. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Мұндайда адамның мойын бұлшықеттері әлсіреп, басын тік ұстай алмай қалады.
Мәліметке сәйкес, ер адам күн сайын бірнеше сағат бойы телефонға үңіліп, ойын ойнайтын болған. Уақыт өте келе оның желкесінде төмпешік пайда болып, мойны қатты ауыратын болған. Жұтынуы қиындап дұрыс тамақ іше алмай қалған. Соның салдарынан салмақ жоғалта бастаған.
Алғашқы уақытта дәрігерлер науқасқа мойын корсеттерін қолданып көрген. Алайда бұл еш көмектеспеген. Сондықтан дәрігерлер ота жасауға шешім қабылдаған. Бірнеше операция барысында деформацияланған омыртқа бөліктері мен тыртық тіндері алынып, мойынды түзету үшін металл шегелер орнатылған.
Отадан алты ай өткен соң ер адам басын оңай көтеріп, дұрыс қалыпта ұстай алатын болған. Бір жылдан кейінгі тексеруде де нәтиже жақсы сақталғаны байқалды.
Дәрігерлер смартфонды шамадан тыс пайдаланудың зиян екенін ескертеді. Әсіресе жасөспірімдер арасында бұл мәселе өзекті болып отыр.