Қоғам

Көпбалалы отбасылар енді балабақшаға тегін бара алмайды

Елімізде бұдан былай көпбалалы отбасылар мемлекеттік балабақшаға ақша төлейді.

Енді көпбалалы отбасыларға тегін балабақша жоқ. Олар да мемлекеттік бөбекжайға ақша төлеуі тиіс. Жеңілдік тек атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұяларға ғана берілмек. Бірақ бұған ата-аналардың өзі наразылық білдіруде. Мысалы бүгін Алматыда бір топ адам шешімді өзгертуді талап етіп, билікке үндеу жолдады. Тақырыпты әріптесім Оразай Нұртайұлы жалғастырсын, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» арнасының жаңалықтарына сілтеме жасап.

Енді үкімет көпбалалы отбасынан шыққанның бәріне балабақшада тегін тамақ бермейді. Қаңтарда Алматыдағы 180-нен астам мемлекеттік бөбекжайда да жеңілдік тоқтайды. "АСП", яғни әлеуметтік көмек алмаса немесе мүгедек болмаса әр балаға 25 мың теңгеден төлетпек. Балалары тегін астан қағылуы мүмкін ата-аналар бұл өзгеріске түбегейлі қарсы.

«Платный болса маған уже 3 балаға 75,80 мың теңге төлеу керек. Мен үшін ол кәдімгідей ақша. Өзім пәтерде тұрамын 160 мың төлеп. Айлығым 230 мың. АСП алайын десем айлығым мен шегін санағанда табысым 1 мың теңгеге асып тұр. Соған бола енді ақша төлейсің дейді», - дейді көпбалалы ана Вазира Аманова.

«Үлкен проблема болып тұр қазір бізге. Тегін болғаны бізге кәдімгідей көмек болды. Мысалы, екі балаға 50 мың теңге деген былай қарасаң бір отбасын әжептеуір азық-түлікпен қамтитын сома», - дейді көпбалалы ана Альфия Абдуллақызы.

Ал Алматы әкімдігінің өкілдері атаулы әлеуметтік көмек алмайтын көпбалалыларды тегін астан тыйған біз емес, бізден жоғары үкімет дейді.

«Бүкіл өңірлер қыркүйек айында бастады. Біздің акимат бұл кісілерге ең болмаса жылдың аяғына дейін болсын деді. 1 қаңтардан бастап төлемақыны төлеу керек болады. АСП немесе ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай келмесе төлейді», - дейді Әлия Сағиева.

Алматы қаласы білім басқармасының бөлім басшысы

Әкімдік жеңілдіктен қағылғандарға атаулы әлеуметтік көмек алушы тізіміне өтініш қалдыруды немесе мансап орталығына табысы төмен азаматтар ретінде жүгінуді ұсынды. Бірақ ата-аналардың өзі бұл жоспарға аса қанағаттана қойған жоқ. Олар билікке үндеу жолдап, үкіметтің мәселені қайта қарауын талап етті.