Саясат

Қостанайда денсаулық сақтау басқармасының орынбасары қамауға алынды

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Доспанов ұсталды.

Қостанай облысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қамауға алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Доспанов қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында ұсталды.

«Қостанай облысы бойынша ДКНБ қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Доспанов Е.-ні ұстады», – деп хабарлады Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокуратураның мәліметінше, күдіктіні қамауға алу туралы санкцияны сот берген. ҚКС 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

35 жастағы Ерболат Доспанов Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары Қостанай қалалық шұғыл медициналық жедел жәрдем станциясында экономист, Қостанай қалалық емханасында бухгалтер болып жұмыс істеген, кейін Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасына ауысқан.

2020 жылы ол облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды, ал 2024 жылы Қостанай облыстық фтизиопульмонология орталығының экономика және әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету жөніндегі бас дәрігердің орынбасары болды. Кейін Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2024 жылы Доспанов қайтадан Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне оралды.