Алматыда жетінші қабаттан құлап қаза болған 22 жастағы Ақнәр Хамиттің анасы қайғылы оқиға куәгері болған қыздардың бірі Дидар Мұқияттың енесімен бірге келіп, марқұм мен құрбылары Раноның арасында төбелес болғанын айтқанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы жағдайға байланысты Астанада Ақнәрдің анасы Гүлстан Хамит пен оның адвокаты Инга Иманбай баспасөз мәслихатын өткізді. Олар қыздың қазасына қатысты тергеу барысында айғақтардың жоғалуы мен тергеу тарапынан заңбұзушылықтар бар екенін айтады. Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, бес айға созылған тергеу кезінде марқұмның отбасы барлық мүмкін дәлелдерді жинап тапсырғанына қарамастан істің жылжуы тым баяу жүріп жатыр.
"Қазақстанда қылмыскерді жазалау өте қиын. Бұған мен өзім куә болдым. Анасы барлық дәлелді өзі тауып берді, бірақ әділдік жоқ. Адвокат ретінде тергеу мүддесіне байланысты барлық мән-жайды ашып айтуға болмайды. Бірақ мен іске араласқаныма бес ай болса да,тергеуден нәтиже жоқ. Істі тек өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабымен тергеп жатыр. Сондықтан да қыздар бостандықта жүр", - деді Иманбай.
Гүлстан Хамиттің айтуынша, іс Антикорға берілген соң материалдардың бір бөлігі жоғалып кеткен.
"Алматы құқық қорғау органдарына берілген дәлелдердің жартысы жоғалып кетті. Тергеушіден қыздарды сұрақ-жауапқа шақырдыңыздар ма деп сұрадым. Жауап бермеді", - деді ол.
Анасы сондай-ақ қызының қаны жұққан заттарды полицейлер бірнеше күннен кейін ғана алынғанын айтады.
"Киім-кешегі, алтын бұйымдары және карталары әлі күнге дейін жоқ. Кейбір заттары Дидардың енесінің үйінде болған. Оқиға жиырмасында болса, тек 30-ы күні тергеушілер алған. Неге сонша кеш алған?", - деді ол.
Астанада өткен баспасөз конференциясында марқұм Ақнәрдің анасы қыздардың бірі алғаш рет мойындаған деректі жария етті. Оқиға туралы баяндаған Дидар атты қыздың айтуынша, асүйде төбелес болып, содан кейін Ақнәрды итеріп жіберуі мүмкін. Анасының айтуынша, Дидар Рано өзін бір жыл бойы еш төбелеспегенін айтып алдап келгенін, тек кейін төбелескенін мойындады деген.
"Олар 20-30 минут төбелесті. Сосын бәрі тынышталды. Мен шықсам, екеуі де жоқ. Дәретхана жақтан дыбыс естідім. Барсам, Рано отыр, шашы жалбырап кеткен. “Ақнәр қайда?” деген сұрағанымда білмейтінін айтты”, - деген.
Сонымен қатар, ананың айтуынша, полицейлер Дидардан Раноның бетінде болған сызаттарды суретін түсіріп, полиция басшысына жіберуді талап еткен.
"Күдікті өз жарақатын неге өзі суретке түсіруі керек?" - дейді Гүлстан Хамит.
Ақнәр Қытайдан келген этникалық қазақ, КИМЭП университетінде оқыған. 2024 жылдың 20 шілдесіне қараған түні ол жетінші қабаттан құлап қаза тапты. Оның екі курстасы Рано Асқар мен Дидар Мұқият оқиға болған кезде Қытай азаматтары болған. Анасының айтуынша, қайғылы оқиға болған түні Ақнәрді үйіне Рано шақырған. Кейін Рано Қазақстан азаматтығын алған.
“Тергеу жүріп жатқанда қыздардың бірі Қытайға шығып қыдырған, екіншісі Қазақстан азаматтығын алған. Қолданыстағы заңнама бойынша мұндайға жол берілмеуі тиіс. Жалпы Алматының құқық қорғау органдарына сенбеймін. Істі Астанаға алдырып қайта тергеп, жалпы қылмыстық істі адам өлтіру бабы бойынша саралауды талап етемін. Оған дәлелдер жеткілікті деп есептеймін”, - дейді марқұмның анасы.