Спорт

"Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне күш көрсеткен": балуан Дәулет Шабанбай сотталды

Павлодарда белгілі балуан Дәулет Шабанбайға сот үкімі шықты.

Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға үкім шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Спортшыға Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігі 1-тармағы "Екi немесе одан көп адамға қатысты жасалған билік өкілін қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері" бойынша айып тағылды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан балуанды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер де жаза мөлшері бойынша прокурордың талабымен келісті.

Қорғаушы адвокат пен сотталушы кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінетінін және мемлекет алдындағы спорттық еңбегін ескере отырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Сот Дәулет Шабанбайды кінәлі деп тауып, оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.

Сотталушының кінәсі оның өз мойындауымен қатар, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен және сотта зерттелген өзге де дәлелдермен расталды.

Еске салсақ, осы жылы 18 қыркүйек күні кешкі уақытта Дәулет Шабанбайды жолда әскери бөлімнің мерзімді қызметтегі үш сарбазы тоқтатқан. Ол Павлодар қаласындағы Сұрағанов көшесіндегі кафеде ішімдік ішкен. Кейін ол автовокзал жаққа қарай, одан соң қайтадан кафе бағытына бет алған. Сарбаздар балуаннан құжаттарын көрсетуді сұрағанда ол бас тартып, балағат сөздер айтып, билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбаған. Өзінің физикалық басымдығын пайдаланып, бір әскери қызметшінің иығынан теуіп, қалған екеуінің бет тұсынан жұдырықпен соққы жасаған. Әскери қызметшілер оны жерге жығып, қолына кісен салып, полиция келгенге дейін ұстаған.