Спорт

«Чемпион болсам, төрде отырамын деп ойлайды»: Бейбіт Ыстыбаев спорттағы өкінішін айтты

Бейбіт Ыстыбаев спортта жіберіп алған мүмкіндіктері туралы айтты.

«Қазақстан барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев көп нәрсе ойдағыдай болмайтынын айтып, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты.

«Қазір спортшылармен сөйлескенде осыны жиі байқаймын. Чемпион болсам, төрде отырамын, бәрі сыйлайды деп ойлайды. Мен де дәл солай ойладым. Бірақ өмір олай емес екен», – дейді ол.

Айтуынша, әлем чемпионы болуға мүмкіндік болған. Алайда өзінің жастық кездегі қырсықтығының салдарынан көп жерден қалып қойған.

«Өзім де кеш ұқтым. Әлем чемпионы болуға мүмкіндік болды. Бірақ сол кезде жаттығуды да дұрыс жасамадым, керек жерге бармадым, кейде ұйықтап қалатынмын. Жастықтың қырсықтығы болды. Өзіңе тым сенімді боласың. Таразда мені жаттықтырған Серік ағай “сенің де орныңды басатын адам табылады” деп жиі айтатын. Ол кезде сөзін ауыр қабылдайтынбыз. Негізі, спортта тәртіп сақтаған адам ғана биікке жетеді», – деп түйіндеді Бейбіт Ыстыбаев.