Астанада тіс емдеуге барған үш жасар қыз көз жұмды: сотта анестезиолог кінәсін мойындамады
Анестезиолог стомотологиялық клиникада көз жұмған үш жасар қыздың өліміне өзін кінәламайтынын айтты.
Астанадағы стоматологиялық клиникадағы 3 жасар қыздың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Айыпталушы анестезиолог өзін кінәлі деп санамайтынын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жарыссөздер және қорытынды сөз сөйлеу кезінде айыпталушы анестезиолог қолынан келгеннің бәрін жасағанын мәлімдеді.
«Мен де анамын, балаларым бар. Сіздерге шын жүректен көңіл айтамын. Жүрегім ауырады, бір жылдан бері сыздап келеді. Маған қатысты жасалған әділетсіздіктен де жаным сыздап барады. Айқын клиникалық картина болуы керек еді. Баланың ауырып тұрғанын көрер едім. Ата-анасы бала сау болғанын айтты. Бұған дейінгі талдаулар негізінде мен балаға наркоз салдым", - дейді анестезиолог.
Сотта айтылған дәйектерді естіп, айыпталушы жылап қалды.
"Мен бұны әділетсіздік деп санаймын. Бұл жерде болып жатқан жайттар, менің беделімді қоғамда быт-шытын шығарды, өте әділетсіз", - деді көзіне жас алып.
Айыпталушы Аида Жұмағалиева өз кінәсін мойындамайтынын және өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтінін жеткізді.
Бұл іс бойынша үкім 22 желтоқсанда шығады.