«Қарсыласқан соң 1-2 рет шапалақпен ұрдым»: 32 жастағы Айзат Жұманованы өлтірді деген күйеуі сотта сөйледі
Айзат Жұманованы өлтірді делінген күйеуі сотта өз нұсқасын айтты.
Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына байланысты сот отырысында марқұмның күйеуі Айбар Жанболат жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айбар Жанболат сотта әйелін ұрғанын мойындап, бірақ оның бас сүйегі мен қабырғасының сынуына кінәлі емес екенін жеткізді. Сонымен бірге ол марқұм әйелінің ата-анасынан кешірім сұрады.
"Бұл жағдай түсінбестіктен және өзімнің санасыздығымнан болды. Мен әйелімді жақсы көрдім. Оны өлтіретін ойым болған жоқ. 22-не қараған түн мен үшін де қиын болды. Мамыр айының аяғына таман түсінбестік болды. Ауылда байланыс нашар ұстайды. Телефон терезенің алдында тұрады. Біреу хабарласса сол жерден көреміз. Ас ішіп отырғанда марқұм әйеліме хат келді. Сыртқа шығып, телефонмен сөйлесіп жүрген. Басында күдік болмады", – деді марқұмның күйеуі.
“Екеуіміз де бір-біріміздің телефонымызды сындырып тастадық. Екеуіміз біраз уақыт телефонсыз жүрдік. 7-10 күннен кейін әйелім жұмысшының телефонына өзінің SIM-картасын салып, сонымен байланыста болды. 21-і таңғы уақытта мен тауға кеткенмін. Үйге келсем марқұм әйелім телефонмен сөйлесіп тұр екен. Ашуланып, тағы кіммен сөйлесіп жүргенін сұрадым. Бірақ жауап бермей үйге кіріп кетті. Шай-тамағын дайындап жүрді. Маған ашуланып жүрді. Мен де шаршап келгенмін, ашуланып, алдымда тұрған тамағымды төгіп тастадым”, – деді күдікті.
"Әйелім қашаның жанында тұр екен. Үйге кірмей, қарсыласып, сөз қайтарып, тұрып алды. Жерде отырған соң екі қолынан ұстап, көтеріп тұрғызбақ болдым. Қарсыласқан соң ол жерде де 1-2 рет шапалақпен ұрдым. Екі қолтығынан демеп, үйге қарай келе жатыр едім, кірмей қойды. Үйге кіргенде баспалдақтан құлатып алдым. Есік темір болған, соны ашайын дегенімде сол жерде тағы бір құлатып алдым. Баламды тексеріп едім, ұйықтап жатыр екен. Ары қарай сырамды ішіп, теледидар көріп отырдым», - дейді ол.
Айтуынша, әйелі өзін нашар сезініп тұрғанын айтқанда оны бірден ауруханаға жеткізуге тырысыпты.
«Бір кезде әйелім қасыма отырып, басым қатты ауырып тұр деді. Өңі бозарып кеткен. "Басым, басым" деп жантайып жатты. Жағдайы өте нашар екенін көріп, ауруханаға апармақ болып, көршіме айттым. Содан көрші ауылға келдік, жол нашар, 2-3 шақырым жетпей, дөңгелегім жарылды. 20 минуттан кейін жеттік. Марқұм жарымды алып, бардым. Жабық екен, 15-20 уақыт жоғалтып алдым. Сосын Талдықорғанға қарай бет алдым. Ауруханаға кіргізіп, қолымнан келгенін жасадым, бірақ аманатымнан айырылып қалдым. Жазадан қашпаймын», – деді күдікті.