Айзат Жұманованың өлімі: сотта ауруханада түсірілген видео көрсетілді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:24
- 1
Талдықорғанда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
19 желтоқсанда сотта іс материалдарын зерделеу барысында Айзат Жұманованың ауруханадағы видеосы көрсетілді. Кадрларда әйелдің ауруханаға қандай ауыр жағдайда түскені анық көрінеді. Күйеуі марқұмның бетін сүртіп жатқаны, ал енесінің аяғын уқалап жатқаны көрінеді.
Бүгін сотта марқұмның күйеуі — айыпталушы жауап берді. Сонымен қатар процеске тәуелсіз сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров шақырылған.
Айта кетейік, Тахир Халимназаров бұған дейін Салтанат Нүкенова мен Шерзат Полаттың өліміне қатысты істерде сотта сарапшы ретінде қатысқан.
Сот-медициналық сараптама барысында Айзат Жұманованың ауыр жарақат алғаны анықталған: жабық бас-ми жарақаты, мидың ісінуі, бас сүйек негізінің, қол-аяқ пен жамбас сүйектерінің сынуы, сондай-ақ беттегі сырылған іздер тіркелген. Туыстары әйелді арқанмен байлап, далада сүйрегенін айтады.
Ал күйеуі бұған дейін Айзаттың "селфи жасаймын деп терезеден құлап кеткенін" мәлімдеген. Алайда жақындары бұл нұсқаға сенбейді.
Айта кетсек, Жетісу облысының 32 жастағы тұрғыны Айзат Жұманованы күйеуі биыл маусым айында өлтіргені хабарланған болатын.



