Басты жаңалықтар

Қысқы каникулда қазақстандық оқушылардың қанша күн демалатыны белгілі болды

Оқушылар қысқы каникулда он күн демалыс алады.

Қазақстандық оқушылар қысқы демалыста 10 күн демалады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

"Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул кезеңі 2025 жылдың 29 желтоқсаны мен 2026 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады", - делінген хабарламада.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту маңызды. Осы мақсатта "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірқатар іс-шара өткізу көзделген.

Балаларға бос уақытында:

  • кітап оқу;
  • музейлерге, көрме залдарына, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсияларға бару;
  • спорттық ойындарға қатысу, коньки, шаңғы тебу;
  • қайырымдылық акциялары және басқа да іс-шараларға қатысу ұсынылады.

Мектептерде, қосымша білім беру ұйымдарында бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу ұсынылады.

"Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың қоғамдық қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аудару қажет", - делінген хабарламада.

Бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.