«Тәжірибелі мемлекет қайраткері, керемет адам»: Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәлемдеме жолдады
АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыласын білдірді.
АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыйлық жолдады. Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Telegram-дағы арнасында жазуынша, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов президент Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін екеуі аз-кем әңгімелескен.
Америка басшысы биыл қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақ үйдегі кездесуден алған әсерін бөліскен.
"Құрама Штаттар көшбасшысы Қазақстан президентіне жылы лебізін жолдап, оны құрметтейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты "халықаралық үдерістерді терең білетін әрі жан-жақты түсінетін тәжірибелі мемлекет қайраткері, керемет адам" деп сипаттады", - деді Руслан Желдібай.
Сондай-ақ АҚШ президенті мемлекет басшысына сый-сыяпат жасап, сәлемдеме жолдаған. Олардың арасында Ақ үйдің символикалық кілті мен өзінің қолтаңбасы қойылған бейсболка да бар.