Қоғам

"Мені балам өлтірмекші": Түркістан облысында қария ұлынан қорлық көргенін айтты

Түркістан облысында зейнеткер өз ұлының буындырғанын айттып.

Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны өз ұлынан қорлық көріп жүргенін айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.  

Қарияның видеосы желіде тарап кетті. Айтуынша, үлкен ұлы оны қылқындырып өлтірмек болған.

«Мен алпыстан асқан шалмын, маған жәрдемдесіңіздер. Мені балам өлтірмекші болды. Үлкен балам кеше кешке қарай мені буындырып тастағысы келді. Екі сағат алыстым. Мен заңды түсінбеймін. Полиция шақырсам, жарты сағаттан кейін келді. Әрең дегенде құтылып, екінші рет өмірге келгендей болдым. Бұл тағдыр шығар. Не деп айтарымды да білмеймін», - дейді қария.

Туыстарының хабарлауынша, полиция шақырылған кезде келген қызметкерлер күдіктіге таныс адамдар болған және нақты шара қолданбаған. Сондай-ақ, жақындарының сөзінше, бұған дейін, 3 желтоқсанда, аталған ер адам анасын соққыға жығып, үйден қуып жіберген.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің «отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер» бабы бойынша жауапкершілікке тартылған», - деді ведомстводан.

Құқық бұзушы емделуге уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілген.