Германияда қаза тапқан судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі Мәскеуден табылды
Германияда өлі денесі табылған қазақстандық судьяның күйеуі мен енесі Ресейде ұсталды.
Германияда кісі қолынан қаза тапқан Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі Мәскеуде полицияға жеткізілгені туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазақстандық адвокат Мұрат Адам Александр Донцов пен оның анасы Натальяның ұсталғаны жөніндегі жазбасымен әлеуметтік желіде бөлісті.
«Александр Донцов пен оның анасы Натальяның анықталып, Мәскеуде полицияға жеткізілгені туралы ақпарат түсті. Қазір оларды Қазақстанға беру мүмкіндігі қарастырылмақ. Дипломатиялық қиындықтар мен бірнеше азаматтықтың болуына байланысты барлық рәсімдер ұзақ уақыт алуы мүмкін», — делінген жарияланымда.
Айта кетсек, Айгүл Сайлыбаева Шеффилдте (Англия) білім алған, кейін Астанада судья болып жұмыс істеген. Соңғы жылдары ол күйеуімен, қызымен және енесімен Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында тұрған.
4 маусым күні таңертең Сайлыбаева 2 жасар қызы Жаклинді балабақшаға апарған. Сол күннен бері әйел жоғалып кеткен.
16 маусымда оның денесі қала шетінен пластик қаптың ішінен табылды. Айгүл Сайлыбаевамен бір мезгілде оның 49 жастағы енесі, Ресей азаматы Наталья Донцова да жоғалып кеткен. 4 маусымда ол немересін балабақшадан алып, үйіне апарған, содан кейін әжесі көрінбеген.
2025 жылдың желтоқсанында Германияда өлтірілген бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесін Қазақстанның іздеуге жариялағаны белгілі болды.