Қоғам

Астанада қаза тапқан фельдшердің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшерге мемориалдық тақта орнатылды.

Бүгін Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының базасында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанды еске алуға арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Instagram желіcіндегі парақшасында мәлім етті.

"Біз Ұлдананың жадына басымызды иеміз. Оның әрекеті – шынайы батылдықтың, адалдықтың және жоғары біліктіліктің мысалы", - деп жазды министр.

Сондай-ақ, Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Ұлдана туралы естелік ол оқыған медициналық колледждің қабырғасында сақталады – аудиториялардың біріне оның есімі беріледі.

Еске салсақ, биыл 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен сыртқы қаптама кірпіш пен кондиционер құлаған болатын.  Құтқарушылар зардап шеккендерді шығарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Белгілі болғандай, оқиға орнында жедел жәрдем фельдшері зардап шекті. Ол ер адамды үйінді астынан алып шықпақ болған кезде оның басына тоғызыншы қабаттан кондиционер құлап кеткен. Фельдшерге бассүйек трепанациясы жасалды.

Ал 18 қарашада 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның көз жұмғаны белгілі болды. Ол 8 қарашадан бері жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан болатын.