Алматыда студент оқытушысына пышақпен шабуыл жасады: мұғалім жұмысына оралды
Алматыда студенті шабуыл жасаған оқытушы оқу орнындағы жұмысына қайта кірісті.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Алматыда студент пышақпен шабуыл жасаған оқытушы жұмысына оралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға ALT University-де болған еді. Әлеуметтік желідегі ақпартқа сәйкес, жанжал баға үшін шыққан. Сенаттағы брифингте Көбенова мұндай жағдайға жол берілмеуі керек екенін атап өтті.
"Әрине, мұндай жағдайларға жол берілмеуі керек. Қалай болғанда да, бұл оқу орны. Бұл жағдайда студент пен оқытушы арасында жеке жағдай қалыптасқан. Біздің мәліметімізше, сол сәтте жанында болғандар дер кезінде әрекет еткен. Оқытушы бүгін қайтадан жұмысқа кіріскен", - деді Көбенова.
Алайда вице-министр шабуыл жасаған студент оқудан шығарыла ма деген сұраққа жауап бермеді.
Оқытушыға жасалған шабуыл фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.