Астанада автобус апатынан екі аяғынан айырылған 8 жасар қыздың отбасына баспана берілді
Астанада екі аяғынан айырылған бүлдіршіннің отбасына баспана беріліп, қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек маусым айының басында орын алған автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған 8 жасар Алуа Бекеннің отбасына уәде етілген баспана берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Arasha.kz сайтына сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, ол Алуаның отбасымен жеке кездесіп, жағдайды өз бақылауына алған. Қалалық әкімдік тарапынан медициналық көмек көрсетіліп, қажетті қолдау ұйымдастырылған.
Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, №1 автобус паркі жәбірленуші баланың отбасына шамамен 20 миллион теңге өтемақы төлеген. Бұдан бөлек, қаладағы демеушілер тарапынан да қосымша қаржылай көмек көрсетілген.
"Уәде етілген пәтер берілді, қазіргі таңда онда жөндеу жұмыстары басталды. Әкімдік отбасының уақытша тұрып жатқан үйінің жалдау ақысын төлеп отыр. Бала қазір мектепке барып жүр, оқу орны да жағдайды түсініп, жан-жақты қолдау көрсетуде", – деді қала әкімі.
Еске салайық, биыл жазда Астанада автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай, бағанаға соғылған. Апат салдарынан 8 жасар Алуа ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болған еді.