Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатына қатысты тергеу туралы аралық хабарлама жарияланды
Ақтаудағы AZAL ұшағының апаты: тергеу ісінің аралық хабарламасы жарияланды.
Көлік министрлігі «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының Embraer 190 4K-AZ65 әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру барысы туралы аралық хабарламасын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
ҚР Көлік министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 26 желтоқсанындағы №433 бұйрығымен тағайындалған аталған оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиғаның себептерін және ілеспе факторларын анықтау бойынша жұмысты жүргізіп жатыр.
Авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның жұмысына Әзербайжан Республикасының, Ресей Федерациясының, Бразилия Федеративтік Республикасының Уәкілетті өкілдері, сондай-ақ ИКАО-ның бақылаушысы қатысады.
Аралық хабарламаны дайындау кезінде Комиссия экипаж, әуе қозғалысы органдарының диспетчерлері туралы мәліметтерді және пайдаланушының нормативтік актілерін, ұшуды дайындау және орындау жөніндегі құжаттамаларды, метеорологиялық ақпаратты және техникалық қызмет көрсету материалдарын қоса алғанда, нақты деректерді жинауды және талдауды жүзеге асырды. Борт журналының және ұшуға қатысты өзге де құжаттамалардың көшірмелері алынды.
Борттық өзін-өзі жазғыштарымен жұмыс жүргізілді: ұшу деректерін тіркеушіден (FDR) ұшу параметрлері алынды, сәйкестендірілді.
Комиссия әуе кемесі оқиға болған жерді егжей-тегжейлі тексерді. Фотожәне бейнетіркеу жасады, әуе кемесінің агрегаттарын оқиға орнынан жинап, әкетті.
Авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру шеңберінде төмендегі зерттеулер жүргізілді:
- анықталған бөгде металл заттарға (сыртқы объектілер) кешенді (трасологиялық, баллистикалық, жарылыс-техникалық және өрт) сараптама жүргізілді. Сараптама нәтижелері бойынша жарылғыш заттардың іздері табылған жоқ. Зерттеуге ұсынылған үш оттегі баллонында жарылыс іздері жоқ. Әуе кемесінің зақымдануы болжам бойынша оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтері әсерінен болуы мүмкін, алайда олардың нақты тиесілігін анықтау мүмкін болмады
- №2 гидравликалық жүйенің түтігінің бір бөлігіне трасологиялық сараптама жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша түтікте зақым бар екендігі анықталды. Зақымданудың пайда болу механизмі қатты заттардың жанасуы нәтижесінде металдың жыртылуы болып табылады. Өтпелі зақымданулар темір негізіндегі металл қорытпасынан жасалған (болат негізі), металл фрагменттерінен (сыртқы объектілер) пайда болуы мүмкін;
- «Honeywell International Inc» дайындаушы зауытының базасында авиониканың модульдік блогынан алынған, орталық техникалық қызмет көрсету компьютерінің (Central Maintenance Computer) кассетасына зерттеу жүргізілді. Термиялық әсердің салдарынан аталған кассетадан деректерді алу мүмкін болмады. Деректерді алу үшін «Honeywell International Inc» зауыты «Delkin Devices Inc» жад картасын өндірушісіне жүгінуді ұсынды.
Қазіргі уақытта Комиссия Америка Құрама Штаттарының Уәкілетті өкілімен «Delkin Devices Inc» зауыты базасында зерттеу жүргізу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Осылайша, бүгінгі күні тергеп-тексеру жөніндегі комиссия техникалық қызмет көрсетудің орталық компьютері (Central Maintenance Computer) кассетасын зерттеу жұмыстарының аяқталуын, сондай-ақ қақтығыс аймақтарының үстінен немесе олардың маңында ұшуларды орындау кезіндегі тәуекелдерді бағалау талдауы бойынша жұмыс тобының есебін қалыптастыруды күтіп отыр.
Тергеп-тексеру жөніндегі комиссия байыпты ұстанымды сақтайды және барлық қорытындылар объективті тек фактілерге негізделген болады. Авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Түпкілікті есеп Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің сайтында жарияланатын болады», - делінген хабарламада.