Қазақстанда педагогтердің құқығын бұзғандарға жаза күшейтілмек
Соңғы алты жылда педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері үш есеге азайған.
ОКҚ алаңында өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров "Педагог мәртебесі туралы" Заңға түзетулер әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, заң жобасы аясында ата-аналардың сабақтан тыс уақытта баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауапкершілігі қарастырылады.
Серік Әшіров "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылданғаннан кейінгі соңғы алты жылда педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері үш есеге азайғанын айтады.
"2020-2022 жылдары 111 бұзушылық деректері ресми түрде тіркелсе, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 38-ге дейін азайған. Педагогке құрметсіздік таныту, оның ішінде масс-медиа мен әлеуметтік желі арқылы ар-намысына тию фактілері бойынша аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері тарапынан оқушылардың ата-аналарына 12 әкімшілік іс қозғалды. Бұл шаралар педагогтің заңмен қорғалатын мәртебесінің нақты іске асырылып жатқанын көрсетеді", - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.