Бабайқорғанда жаңа мәдениет ордасы ел игілігіне берілді
Сауран ауданына қарасты Бабайқорған елді мекенінде 150 көрерменге арналған заманауи Мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Елтай Алтаев арнайы қатысып, ауыл жұртшылығын айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа нысанның лентасын қиды.
Өз сөзінде Елтай Кенжебекұлы бұл ғимараттың ауыл өміріндегі маңызын атап өтті:
– Бүгін Бабайқорған тұрғындары үшін есте қаларлық күн. Бұл мәдениет үйі — ауылдың рухани тынысын кеңейтетін, шығармашылыққа жол ашатын орта. Мұнда жастардың қабілеті шыңдалып, өнер мен әдебиетке жақын жандардың басы қосылады. Елді мекеннің өркендеуі осындай әлеуметтік нысандар арқылы айқындалады. Бұл орталық халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет етеді деп сенемін, – деді ол.
Мерекелік шара аясында мәдениет ошағының өнер ұжымы сахналық бағдарламасын ұсынып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар тұрғындар үшін арнайы көрме ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жалпы көлемі 860,7 шаршы метр болатын жаңа мәдени нысан заманауи көрермен залы, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер және дыбыс пен жарық жүйелерімен жабдықталған сахнамен қамтылған. Бұдан бөлек, ауылдық кітапхана осы ғимаратқа көшіріліп, кітап қоры 12 мыңнан астам басылыммен толықты. Бұл жоба ауыл халқының бос уақытын мазмұнды өткізуге, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және мәдени өмірді жандандыруға мүмкіндік береді.