“Тиісті сомаларды төлемесе”: қазақстандықтарға мобильді аударымдарға қатысты ескерту жасалды
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарға қатысты айтты.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарға қатысты жаңа ережелер туралы тағы да пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәжіліс кулуарында Біржановтан үш ай ішінде әртүрлі адамнан 1 020 000 теңгеден астам қаражат түскен қазақстандықтарды не күтетіні сұралды.
"Біз әрқашан айтып келеміз, бірден айыппұл салмаймыз. Біз тек түсініктеме беруі үшін хабарлама жолдаймыз. Мүмкін, сол хабарламадан кейін салық төлеуші өз бетінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы өтініш берер. Егер ешқандай әрекет болмаса, біз салықтық тексеру ашуға құқылымыз. Тек салықтық тексеру аясында барлық растайтын құжатты алғаннан кейін салықтарды есептеп, талап қоямыз. Егер ол тиісті сомаларды төлемесе, материалдар сот орындаушысына беріледі", - деп жауап берді Ержан Біржанов.
Вице-министр мобильді аударымдар туыстардан түссе, ешкім жазаланбайтынын атап өтті.
"Тағы да қайталап айтамын: егер, мысалы, бауырыңыз немесе әпкеңіз сізге 100 мың рет аударым жасаса да, біз ешқандай шара қолданбаймыз", - деді ол.
Еске салайық, бірнеше аптадан кейін Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің жаңа критерийлері күшіне енеді. Бұған дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "күдікке ілінген" қазақстандықтарды салықтық тексеру күтуі мүмкін екенін хабарлаған.
Салық органдары жеке тұлғаны келесі үш критерийдің барлығы сәйкес келген жағдайда тексере алады:
үш ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі адамнан аударым түсуі;
аударымдардың үш ай бойы тұрақты түрде түсуі;
жалпы түскен қаражат сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен (1 020 000 теңге) асуы.