Еліміздің тағы төрт облысында казино пайда болады
Қазақстанның тағы төрт өңірінде казино пайда болады.
Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында және Жетісу облысында жаңа ойын аймақтары пайда болуы мүмкін. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қабылданған заңға сәйкес, Бурабай мен Қапшағайдағы қолданыстағы ойын аймақтарынан бөлек, келесі аумақтарда казино орналастыру көзделіп отыр:
- Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында;
- Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Алакөл көлінің жағалауында;
- Алматы облысының Талғар ауданында;
- Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл аумағында және Зайсан ауданында.
Бұл ретте нақты қайда орналасатыны әзірге анықталған жоқ.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, ойын аймақтарын дамыту тек туризмді дамыту құралы ретінде қарастырылады. Министр мұндай тәжірибе көптеген елде кеңінен қолданылатынын атап өтті.
Оның сөзінше, әрбір жаңа казино жылына бюджетке 2–3 миллиард теңге көлемінде салық түсіріп, шамамен 500 жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, үкімет алдағы уақытта ойын аймақтарының саны артуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
"Қазіргі уақытта осы аймақтар айқындалды, болашақта олар кеңеюі де мүмкін. Бұл туризмді дамыту мақсатында жасалып отыр", - деп қосты Мырзабосынов.