Тоқаев Бибісара Асаубаеваны жеңісімен құттықтап, орденмен марапаттады
Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айта кетсек, Бибісара Асаубаева Дохада өткен блиц бойынша 2025 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетті.
"Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады. Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым", – деп жазылған құттықтауда.