Басты жаңалықтар

Синоптиктер 2026 жылдың алғашқы айына арналған ауа райы болжамын ұсынды

Синоптиктер қаңтар айына арналған ауа райы болжамын жариялады.

“Қазгидромет” мамандары 2026 жылдың қаңтарына арналған ауа райы болжамын жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.  

Синоптиктердің болжауынша, қаңтар айы жылы болады. Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын жауады. Жаңбыр Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарының солтүстік-шығысында, Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан облысы мен Жетісу облысының оңтүстік-шығысында күтіледі.

«Ай бойы қар жаууы, екпінді жел, боран, тұман және көктайғақ құбылыстары ашық, аязды ауа райымен алмасып отырады. Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында түнде ауа температурасы -10…-18°С-қа дейін, күндіз -5…-12°С-қа дейін төмендейді. Кейіннен ауа температурасының әлсіз оң мәндерге дейін жоғарылауы күтіледі. Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталық өңірлерінде түнгі ауа температурасы -10…-20°С-тан -3…-8°С-қа дейін, күндіз -12…-2°С-тан -5…+3°С-қа дейін ауытқиды. Елдің шығысында түнде ауа температурасы -2…-13°С-тан -10…-18°С-қа дейін, күндіз -6…+2°С-тан -2…-10°С-қа дейін болады. Елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде ауа температурасы -2…-12°С-тан -5…+5°С-қа дейін, күндіз -3…+8°С-тан +5…+10°С-қа дейін, ал елдің қиыр оңтүстігінде +15°С-қа дейін жоғарылауы мүмкін.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, солтүстік-батыс, шығыс және орталық өңірлерде суық ауа массаларының енуі кезінде түнгі ауа температурасының -25…-35°С-қа дейін, күндіз -15…-20°С-қа дейін төмендеуі болжанады. Қаңтардың ең жылы күндерінде ауа температурасы -5…+3°С-қа дейін көтеріледі.

Елдің батысында суық толқындары кезінде түнде ауа температурасы -20…-27°С-қа дейін, күндіз -12…-19°С-қа дейін төмендейді. Айдың жекелеген күндерінде күндізгі ауа температурасының 0…+5°С-қа дейін жоғарылауымен жылымықтар болуы мүмкін.

Елдің оңтүстік жартысында түнгі ауа температурасы 0…-5°С-тан -10…-20°С-қа дейін, күндіз +2…+12°С-тан -3…-13°С-қа дейін ауытқиды. Үшінші онкүндіктің жекелеген күндерінде түнде ауа температурасы -20…-30°С-қа дейін, күндіз -10…-18°С-қа дейін төмендейді», - деп болжанады.