Тоқаев Алматы әкіміне қаланы Нью-Йорк, Париж сияқты қалаға айналдыруды тапсырған
Мемлекет басшысы Тоқаев Алматы шаһарын “ешқашан көз ілмейтін” қалаға айналдыруды әкімге тапсырғанын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында Қазақстан туристерді күтіп алуға қаншалықты дайын екенін айтып, туризм саласына тоқталып өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Журналист Бауыржан Бабажанұлы былтыр әлемдік деңгейдегі кейбір ақпарат құралдары Қазақстанды саяхат жасауға ең лайық елдердің қатарына қосқанын атады. Алайда еліміздегі курорттар мен танымал туристік орындардың дайын екеніне күмән барын айтты.
"Мұндай күмәннің туындауы заңды. Мен үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ.
Былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақсы үрдіс.
Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз", - дейді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көпшіліктің табиғатқа жаны ашымайтынын, бірақ “хайп” жасауды ғана көздейтінін атады.
"Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, "хайп" жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент туризм саласы бойынша кадр тапшылығы өзекті мәселе екенін алға тартты.
"Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ, Үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ. Ал, көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымы қарқынды салынып жатыр. Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор. Бұл салада ауқатты адамдарға да, орташа табысы бар азаматтарға да бірдей қызмет көрсетілуге тиіс. Сондықтан, ондағы туристік инфрақұрылымды әртараптандыру мәселесіне назар аудару қажет. Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан, Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады", - дейді президент сұхбатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатқанын атап өтті. Осыған орай президент қала әкіміне Алматыда туризмді дамытуға қатысты тапсырма бергенін айтты.
""CNN Travel" 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы "сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана" деп атады. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты "ешқашан көз ілмейтін қалаға" айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек", - дейді президент.