«Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандар адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі – Тоқаев қаңтар оқиғасы туралы
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 қаңтар, 2026
- 99
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Turkistan" газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасының түпкі себептері мен салдарын ашық айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекет заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару – саяси науқан емес, мемлекеттің мызғымас ұстанымы екенін жеткізді. Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталғанын айтты.
"Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді. Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды. Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қаңтар оқиғасында бүлікті ұйымдастырушылардың әмірінің салдарынан он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алғанын атады.
"Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды. "Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент Қаңтар оқиғасынан кейін заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару жұмысы тоқтамайтынын айтты. 1,3 триллион теңгеден астам өндірілген қаражат әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалып жатқанын мәлімдеді.
"Әрине, жоқ. Бас прокуратураның мәліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр. Ең бастысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді. Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




