15 пайызының ғана жоғары білімі бар – Президент қандастар интеграциясындағы түйткілдерді атап өтті
Президент қандастар интеграциясындағы түйткілдерді атады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келгенін, солардың ішінде еңбекке жарамды азаматтардың тек 15 пайызында жоғары білімі бар екенін мәлім етті. Бұл туралы «Turkistan» басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Журналист мемлекет басшысынан әлеуметтік жеңілдіктер мен масылды, алаяқтыққа қатысты сұрақ қойған газеттің бас редакторы президенттің иммиграцияға қатысты көзқарасына қатысты сұрақ қойған.
Тоқаев Қазақстан – әлеуметтік мемлекет екенін, мемлекет денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндетін толық орындап отыр деді. Тіпті, президент атап өткендей, «шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайтын» көрінеді. Бірақ, Тоқаев атап өткендей, осы әлеуметтік жеңілдіктерді алаяқтыққа, жеке басының пайдасына айналдыратындар да бар. Жекеменшік бола тұра, мемлекеттен ақша алатын жеке мектептер бюджетке салмақ салған.
«Ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр», - деді Тоқаев.
Бұндай мәселе жекеменшік медицина саласында да бар дейді президент. Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен дейді Тоқаев. Жалпы, сөзін қорыта келе, әлеуметтік саладағы алаяқтыққа кеңінен тоқталған Тоқаев бірнеше мысал айтты.
«Алаяқтыққа жол берілмейді. Кеңес заманындағы түрлі аймақтық қақтығыстарға қатысқан «ардагерлер» әлі күнге дейін әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланып келеді. Мен халыққа Жолдауымда Кеңес Одағының күйрегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «ардагерлер» күн өткен сайын көбейіп, неге екені белгісіз, жасарып бара жатқанын айттым. Тағы бір мысал. Статистикаға қарасақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедек адам бар екен. Еліміздің ешқандай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемлекет үшін мұның көптеу екеніне келісетін шығарсыз. Кезінде жауапты мекеме қызметкерлері мемлекеттен көмек алу үшін туыстарын, мәселен, гипертония диагнозы қойылған жақындарын мүгедектер қатарына қосып жаза салғаны анықталып отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құқық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым», - деді Тоқаев.
Ал, сұрақтың негізіне, яғни, иммиграцияға қатысты көзқарасын айтқан президент «сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын» деді. Бірақ, түйіткілді мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ.
«Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр. Мен былтырғы сұхбатымда Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей екенін, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін айттым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында. Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін», - деді президент.