Қоғам

Астанада жүргізушісіз такси қызметі іске қосылмақ

Астанада жүргізушісіз такси әуежай мен Абу Даби кешені аралығында қатынайтын болады.

Астанада жүргізушісіз такси жолға шығады. Бұл жоба биыл кезең-кезеңімен іске қосылмақ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі  24.kz. сілтеме жасап.

Пилоттық жоба ретінде қарастырылып отырған жүргізушісіз такси алдымен әуежай мен Абу Даби кешені аралығында қатынайтын болады. Таксидің дипетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істейді.

Астанада осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі мен такси компаниясы жүргізушісіз таксиді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Халықаралық зерттеулер деректеріне сүйенсек, автономды технологиялар адам факторын азайту арқылы апаттардың алдын алып, көлік ағынын оңтайландырады, әрі халықтың жүріп тұруына, әсіресе қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолайлы бола түспек.

"Елорда 2026 жылы жүргізушісіз такси жобасы іске қосылатын Қазақстандағы алғашқы қалалардың қатарына енді. Өздігінен жүретін автокөліктерді енгізу жобасы ақылды қала стратегиясы мен цифрлы инфрақұрылымды дамыту аясында жүзеге асырылады. Пилоттық жобаның бағыты алдағы уақытта белгілі болады. Әзірге Астана халықаралық әуежайынан бастап, Абу-Даби плаза сауда орталығына дейінгі аралық деп отырмыз", - дейді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі комитеті басқармасының басшысы Ербол Ахметов.