«Оны өлтіргім келмеді»: марқұм Айзат Жұманованың күйеуі кінәсін мойындады
- автор Томирис Тоныкөк
- 8 қаңтар, 2026
- 129
Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Сотта марқұмның күйеуі Айбар Жанболат бүгін соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 8 қаңтар күні 2025 жылдың жазында Ақсу ауданы Баласаз ауылының тұрғыны Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс бойынша тараптардың сот жарыссөзі өтті.
Айыпталушы барлық қазақстандықтардан, туған-туыстарынан және қаза тапқан жұбайының отбасынан кешірім сұрады. Ол өз кінәсін мойындап, әйелін өлтіру ниеті болмағанын айтты.
«Барлығы үшін өкінемін және жазаға дайынмын. Айзаттың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Баламыздың жетім қалғанын түсінемін. Маған тағылған қасақана кісі өлтіру бабы бойынша айыппен келіспеймін. Оны өлтіру ниетім болған жоқ. Мен оны жақсы көрдім және әлі де жақсы көремін. Құрметті сот, сізден әділ үкім шығаруыңызды сұраймын және тағы да халықтан, жақындарымнан, әйелімнің отбасынан кешірім өтінемін», – деді айыпталушы.
Одан кейін оның қорғаушысы Жанат Сарқытов сөз алып, сотқа өтінішхат жолдап, қорғауындағы адамның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігіне — абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіру бабына қайта саралауды сұрады. Бұл бап 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
«Айзаттың жақындарының сезімін түсінемін және олардың қайғысына ортақпын. Алайда, ең алдымен заңды басшылыққа алу қажет. Бұл жағдайда заң менің қорғауымдағы адамның әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша саралауды көздейді. Мұны сотта жауап берген тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаровтың қорытындысы да растайды. Ол жарақаттардың кеуде тұсына соққы тигеннен және құлау салдарынан пайда болғанын түсіндірді. Сондай-ақ, балаға қатысты айтар болсақ, айыпталушы әлі де оның заңды әкесі болып қала береді, ата-ана құқығынан айырылған жоқ және баланың кіммен тәрбиеленетінін шешуге құқылы», – деді Жанат Сарқытов.
Келесі сот отырысы 9 қаңтарға белгіленген. Онда үкім жариялануы мүмкін.




