Қоғам

Науқас баласының еміне деп халықтан ақша жинаған ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты

Астанада науқас баласының еміне жинаған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған ерлі-зайыптыға сот үкім шығарды.

Астанада науқас баланы емдеуге қаражат жинап, өздері шетелге саяхаттаған ерлі-зайыптының соты аяқталды. Сот үкімді жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

2020–2024 жылдар аралығында Тотақановтар 2019 жылы дүниеге келген ұлын емдеуге қаражат жинау мақсатында ақша жинауды ұйымдастырған. Балаға бірқатар күрделі диагноздар қойылған.

Нәтижесінде олардың есепшоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 миллиард теңге қаражат түскен.

Жиналған қаражаттың елеулі бөлігі баланың еміне емес ерлі-зайыптының жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.  Оған жалпы құны 47 миллион теңге болатын екі пәтер; 8 миллион теңге болатын жер учаскелері; "LEXUS RX 300" маркалы автокөлік – 28 миллион теңге; "Hyundai Santa Fe" маркалы автокөлік – 8,2 миллион теңге; "Toyota Camry 75" маркалы автокөлік – 15 миллион теңге; "Toyota Land Cruiser Prado 150" маркалы автокөлік (сомасы анықталмаған).

Сонымен қатар, брендтік тауарлар сатып алу және құмар ойындарға қатысу – 9,7 миллион теңге жұмсалған. "Facebook Ads" жарнама платформасының қызметтеріне ақы төлеу – 481 миллион теңге. Қарыздарын жабу – 349,5 миллион теңге кеткен.

Баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсалған.

Толқын Тотақанова жеті жылға бас бостандығынан айырылды, қайырымдылық қорына қаражат жинауға 10 жылға тыйым салынды. Баласының кішкентай  болуына байланысты оның жазасы екі жылға кейінге шегерілді.

Күйеуі Дәулет Тотақановтың мүлкі тәркіленіп, қайырымдылық қорына қаражат жинауға 10 жылға тыйым салынды. Ол орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Жұптың 2022 жылғы Hyundai Sonata көлігі, тұрақ орны және Қосшыдағы  жер учаскесі тәркіленді.