Ақшаны тиімді жинаудың қарапайым жолдары
Әр адамның өз арманы, өз мақсаты бар. Арман бар жерде мақсат та бар, ал мақсат – мотивацияның бастауы.
Бірақ күнделікті шығындар табыстан асып түсіп жатқанда, ақша жинау оңай емес. Дегенмен, ақшаны тиімді жинауға көмектесетін қарапайым әрі өміршең тәсілдер бар.
Аз-аздан, бірақ тұрақты түрде жина
Егер қалта ақшаң немесе қосымша табысың болса, оның белгілі бір бөлігін болашақтағы мақсатыңа арнап жинауға болады. Көпшіліктің тәжірибесі көрсеткендей, ай сайын табыстың 10 пайызын жинау – ең қолайлы тәсіл. Бұл күнделікті өмірге қатты салмақ салмайды, бірақ бірнеше айдың ішінде едәуір сома жиналады. Маңыздысы – «артық ақша қалса» деп күтпеу. Ақша түскен сәтте жинайтын бөлігін бірден бөліп алып қойған дұрыс.
Кеңес: Бұл әдістің тиімділігі – 10 пайыздың жоқтығын көп жағдайда сезбейсіз, ал жинақ өздігінен көбейе береді.
Қажетті және қажетсіз шығындарды ажырата біл
Қажетті шығындарға тамақ, жолақы, киім-кешек жатады. Алайда осының өзінде үнемдеуге болатын тұстар бар. Мысалы, нан – қажеттілік, ал чипсы – қажетсіз. Ұялы байланысқа төлеу керек, бірақ онлайн ойындарға ақша шашу міндетті емес.
Сондай-ақ, киноға кешкі сеансқа емес, таңғы арзан уақытқа бару, артық аксессуар немесе аяқ киім алмау да үнемдеудің бір жолы. Дегенмен, бәрінде тепе-теңдік болуы керек: кейде өзіңді марапаттауды да ұмытпаған жөн.
Кеңес: Көзге түскеннің бәрін сатып алмаңыз. Әдеттеріңізді қайта қарап, қажетсіз шығындарды қысқартуға тырысыңыз.
Табыс пен шығынды есепке алып жүр
Ақшаңның қайда кетіп жатқанын білмейінше, үнемдеу қиын. Біреу шығындарын дәптерге жазса, енді бірі арнайы мобильді қосымшаларды қолданады. Мұндай дағды «ақшам қайда кетті?» деген сұрақтан арылтады. Бастапқыда барлық шығынды жазып үйреніңіз, кейін оларды сараптап, қай тұстан үнемдеуге болатынын анықтаңыз.
Кеңес: Талдау арқылы ең көп қаржы қайда жұмсалатынын көріп, одан бас тартқанда қанша ақша үнемделетінін есептеп көріңіз.
Қарыз алудан сақ бол
Міндетті емес дүниелер үшін қарызға ақша алу – қаржылық қателік. Бұл достардан қарыз алу болсын немесе банк несиесі болсын, бәрінің салдары бар. Әсіресе микронесиелердің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары.
Кенеттен бір нәрсе алғың келсе, асықпай, өзіңе уақыт бер. Көбіне біраз ойланып көрген соң, оның соншалықты қажет еместігін түсінесің.
Кеңес: «Бөтеннің ақшасын уақытша аласың, өзіңдікін мәңгілікке қайтарасың» деген сөзді естен шығарма.
Мақсат пен нақты соманы белгіле
Жай ғана «ақша жинаймын» деу жеткіліксіз. Нақты мақсат, нақты сома және мерзім болуы керек. Бір ай ма, жарты жыл ма, әлде бір жыл ма – алдын ала жоспарла. Ұзақ жылдарға созылған жинақ көбіне нәтижесіз болады.
Мақсатқа жеткен кезде өзіңді міндетті түрде марапатта.
Кеңес: Бір мақсат таңдаңыз да, соған жеткенше жинаңыз. Бұл мотивацияны арттырады.
Ең бастысы ақылды түрде қаржыны үнемдеу дағдысын қалыптастыру. Сараң болмау, бірақ орынсыз шығыннан бас тарту, табыс пен шығынды бақылау және мотивацияны жоғалтпау – қаржылық тұрақтылықтың негізгі қағидалары. Арманыңыз айқын болса, оған жету жолындағы жинақ та нәтижелі болады.
автор:el.kz