Басты жаңалықтар

850 миллион теңге шығын келген: Астанада жедел жәрдемнен жылдар бойы ақша жымқырып келген

Жедел жәрдем станциясында бюджет қаражатын жымқырғандар әшкереленді.

Астана прокурорлары жедел медициналық жәрдем станциясында жымқыру деректерін анықтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Елорда прокуратурасы Астана бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бюджет қаражатын жымқыру схемасының жолын кесті.

Ведомство мәліметінше, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Прокурорлар санитарлық автокөліктің бөлшектерін заңсыз есептен шығару және жалған қызмет көрсету шарттарын жасасу деректерін анықтаған.

Соның салдарынан жұмыс істейтін автокөліктер саны азайып, қалғандары қосалқы бөлшектерді жымқыру салдарынан пайдаланудан шығарылған. Қазіргі уақытта "103" автопаркі толығымен қалпына келтірілгені айтылды.

"4 қызметкер, оның ішінде 2 орта буынды басшылар мен станция директоры ұсталды. Көрсетілген тұлғалардың әрекеттерінен мемлекетке 850 миллион теңге сомасында аса ірі залал келтірілген", - делінген хабарламада.

Олардың іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің "Кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған аса ірі мөлшерде бірнеше рет иемденiп алу", яғни ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы, 189-бабы 3-бөлігі 1),2),3) тармақтары бойынша сараланды.

Қылмыстық іс сотқа жолданған.