Елімізде зейнатақы жинағымен емделу уақытша тоқтатылды
Отбасы банкі зейнетақы жинағымен емделу уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.
12 қаңтардан бастап enpf-otbasy.kz платформасында бір реттік зейнетақы төлемдері (БЗТ) есебінен медициналық қызмет алуға өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Отбасы банктің мәліметінше, мұндай шешім зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану талаптарын қайта қарауға байланысты қабылданған.
«БЗТ арқылы медициналық қызмет алу шарттарын өзектендіру, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастыру тетіктерін пысықтау жоспарланып отыр. Бұл шаралар зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған», – деп мәлімдеді банк өкілдері.
Қазіргі таңда құзырлы органдар азаматтардың жинаған қаражатының нақты ем-домға жұмсалуын бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Осы арқылы жалған құжат жасау, делдалдық қызмет пен күмәнді медициналық ұйымдар арқылы қаржы игеру секілді заңбұзушылықтардың алдын алу жоспарланған.
Өтінім қабылдау қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатыны хабарланды.