«Жүкті кезімде қол көтеріп, маған опасыздық жасады»: Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі үндеу жасады
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі оның ерекше туған баласын тастап кеткенін айтты.
Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы ол туралы мәліметтермен бөлісті. Айтуынша, Қайрат Сатыбалды ерекше күтімді қажет ететін баласын тастап кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Асылжан Есенқызының сөзінше, екеуі бірнеше жыл бойы азаматтық некеде тұрған. Тіпті бұл қарым-қатынасы жайлы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі білген.
“Мен Қайрат Сатыбалдының тоқалы да, ашынасы да емеспін. Ол мені анасымен, туғандарымен таныстырған. Жап-жас бола тұра әкеңмен жасты адаммен неге көңіл жарастырдың дейтіндерге де жауабым бар. Мен биыл 40 жасқа толамын, ол менен небәрі 16 жасқа үлкен болды”, – деді ол.
Асылжан Есенқызы миллионермен ақша үшін кездеспегенін айтады. Қайрат Сатыбалды оған Франция, Түркия секілді елдерден вилла, қымбат сыйлықтар сыласа да бас тартқан екен.
“Жүктілік кезінде бәрі психологиялық қысымнан басталып, кейін физикалық зорлық-зомбылыққа ұласты. Ол маған қол көтерді. Опасыздық та жасады. Бірнеше рет ауруханаға түстім. Талдаулар нәтижесінде жыныстық жолмен берілетін инфекциялар анықталды. Кейін сол уақытта оның басқа әйелмен қарым-қатынаста болғанын түсіндім”, – деді ол.
Асылжан Есенқызы 2019 жылы 16 мамырда қызды дүниеге әкелген. Айтуынша, алғашқы кездері ол қызына жақсы қараған. Бірақ кейіннен әйелінің көзіне шөп салған. Сөйтіп ажырасуға бел буыпты.
Қызына аутизм, СДВГ, дислекция секілді бірнеше диагноз қойылған. Сондай-ақ жалпы сөйлеу тілінің дамымауы (ОНР), психикалық дамудың кешеуілдеуі (ЗПР), сенсорлық бұзылыстар, сенсорлық шамадан тыс жүктеме және анамнезінде эпилептиформды белсенділік бар.
“Диагноз 2021 жылы қойылды. Ал Қайрат Сатыбалды диагноз туралы тіпті естігісі келмеді. Мен оған бірнеше рет хабарластым, көмек сұрадым. Бірақ жауап бермеді. 5 жылдан астам уақыт бойы балаға өзім ғана қарап келемін”, — деді ол.