Басты жаңалықтар

Ақтөбеде 8 жасар қыз сырғанақта бұғанасын сындырып алды: ата-анасы демалыс базасын айыптап отыр

Ақтөбедегі демалыс базасында кішкентай қыз бұғанасын сындырып алды.

Ақтөбе маңында тюбинг тебетін сырғанақта 8 жастағы қыз бұғанасын сындырып алды. Сырғанау кезінде өзге бала қызды түйіп кеткен. Жарақат алған қыздың отбасы қауіпсіздік техникасын сақтамады деп демалыс базасының әкімшілігін айыптап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

8 жастағы қыз әжесімен бірге сырғанақтан түскен кезінде екеуі орнынан тұрып үлгермей жатып, жоғары жылдамдықпен өзге бала қағып кетеді. Оқиғадан кейін қыздың анасы әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады. Оның айтуынша, кінәлілер көмек көрсетіп, кешірім сұраудың орнына баланы дұрыс қадағаламадың деп өзін кінәлаған.

"Жұмысшылардың қауіпсіздік техникасын сақтамауы және демалушылар ағынын дұрыс реттемеуі салдарынан осындай жағымсыз жағдай болды. Қызым әжесімен бірге сырғанақтан түсті. Орнынан тұрып жатқан кезде басқа сырғанақ құралы соғып, бұғанасы сынды. Мен жазған хабарламаға олар өздері кінәлі емес, баланы бақыламадың деп жауап берді", – дейді анасы.

Дәрігерлер баланың шынымен де бұғана сүйегі сынғанын растады. Демалыс базасының өзінде болған жайтты бірден білмегендерін айтады. Олардың сөзінше, сол күні ешкім жеке келіп шағымданбаған. Отбасы тек кешке WhatsApp арқылы хабарласқан. Әкімшілік сырғанақта нұсқаушылар бар екенін, алайда демалушылардың ережелерді жиі елемейтінін алға тартады. Соған қарамастан, басшылық жағдайды толық тексеруге уәде берді.

“Біздің аумаққа ешкім жеке келіп, шағым айтқан жоқ. Тек WhatsApp арқылы жазды. Камераларды қарап, нұсқаушылармен сөйлесемін. Не болғанын, қалай болғанын анықтағым келеді. Бізде әрдайым нұсқаушылар тұрады, бақылауға тырысамыз”, – деді Демалыс базасының басқарушысы Инара Токсанбаева.

Айта кетейік, бұл демалыс базасындағы алғашқы даулы жағдай емес. Үш жыл бұрын мұнда қайғылы оқиға болған. Сол кезде үш баланың анасы, 40 жастағы Самал Байдаулетованы 15 жастағы жасөспірім басқарған қар көлігі қағып, әйел қаза тапқан. Тағы бес бала мен бір ер адам жарақат алған. Алайда кейін бұл іс жазатайым оқиға деп танылып, жабылған.

Бұл жолғы істің немен аяқталатынын тергеу анықтайды. 

“Ақтөбе қаласындағы демалыс базаларының бірінің аумағында дене жарақатын алу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы – "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды”, – деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының №3 полиция бөлімінің бастығы Мирболат Масабаев.

Дәрігерлердің хабарлауынша, зардап шеккен қыз балаға операция қажет емес. Бұғана сүйегі сынғанымен, ол амбулаториялық ем алуға жіберілді. Мамандар уақыт өте келе сүйек өздігінен бітіп кетеді деп отыр.