Басты жаңалықтар

«Маған хабарласып, «аға, көмектесіңізші деді»: Талғарда 20 жастағы қыз дәрігердің қабылдауынан кейін көз жұмды

20 жастағы қыз дәрігердің қабылдауына барған соң қайтыс болып кеткен.

20 жастағы Нигина Джагипарова 10 қаңтар күні таңғы сағат 05:00 шамасында өзін нашар сезінгендіктен Талғар орталық аудандық ауруханасына барған. Алайда дәрігердің қабылдауынан үйіне оралған соң бір сағаттан кейін көз жұмған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап.

Нигина Джагипарова таңғы уақытта кенеттен кеуде тұсы ауырып, апасымен бірге ауруханаға медициналық көмек алуға барған. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер қызды тексерген. Анализ алып, кардиограмма мен рентгенге түсірген. Медицина қызметкерлерінің қойған алдын ала диагнозы – ошақты пневмония.

“Система салды, бірақ жағдайы жақсармады. “Сіздерді жатқыза алмаймыз” деді. Тексерген жоқ, ол қыз отырған да жоқ, ауырсыну да кетпеді. Ештеңе істей алмаймыз деді. Олар қалай қызды ауруханадан жібере салды? Оны не себепті жібергенін білгіміз келеді”, – деп болған жайдайды баяндады марқұмның әпкесі Наталья Поплавская.

Науқастың жағдайына қарамастан оны дәрігерлер бақылауға алмай, пульмонолог дәрігерге жіберген. Нигина апасымен үйіне қайтып кеткен. Бірақ үйге келген соң араға бір сағаттай уақыт өткенде қыз көз жұмған.

Марқұмның туыстары дәрігерлер қыздың жағдайын көріп тұрып, не себепті үйге қайтарып жібергенін түсінбей дал. Олар Нигина дәрігерлердің бақылауында болғанда аман қалуға болатын еді деп отыр.

“Ол маған хабарласып, “аға, көмектесіңізші” деді. Бұл оның маған айтқан соңғы сөздері еді. Мен жиенімнің мәйітін көргенде келдім. Мына қағаздардың қабылдау бөлімінен шығартып алдым. Қызға тек бір “пульмонологқа бар” деген қағаз берген”, – дейді Нигинаның нағашы ағасы Рахимжан Мусаров.

Нагинаға жақында тұрмыс құруға ұсыныс жасаған. Ол жаңа өмірге қадам басуға, тойға дайындалып жүрген.

Нигинаның жақындары істің жан-жақсы тергелуін талап етіп отыр. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Денені сойып тексерді. Сот-медициналық сараптама да тағайындалған. Туыстары теуелсіз сарапшыға да жүгінген.

Талғар орталық аудандық ауруханасындағылар қыздың анализдері жақсы дейді. Ал ошақты пневмония өмірге қауіпті диагноздың қатарына жатпайды деп отыр. Медициналық мекеме басшысының айтуынша, қыздың апасы немересімен үйге барып, ауруханаға жатқызу үшін қайта қайтып келетінін айтқан. Оның бұл уәдесінен кейін дәрігер бас тарту хатын алмаған.

“Ағасына бірнеше рет түсіндіріп айттым. Анализде бәрі дұрыс. Мұны ол теуелсіз сарапшыға да тексертті. Науқас уланса ем ағзаны тазалау үшін жүргізіледі. Апасы дәрігердің кеңесінен кейін үйіне қайтып, кейін қайта келетінін айтқан. Сондықтан дәрігер одан бас тарту хатын алмаған”, – дейді Талғар орталық аудандық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Ғалымжан Есеналиев.

Осыған қатысты Алматы облысы полиция басқармасына сұрау жолдадық. Ведомствоның мәліметінше, 20 жастағы қыздың өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалған.

“Қазір оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде анықтау үшін тергеу іс-шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында медициналық қызметкерлердің медициналық көмекті тиісінше көрсетпеу дерегі бойынша әрекеттеріне тиісті тексеру жүргізіледі”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.