Қазақстанда алты айдан кейін ипотека арзандайды
Жарты жылдан кейін ипотека арзандауы мүмкін.
Алты айдан кейін ипотека арзандауы мүмкін. Шілдеде баспана несиесінің пайызын 20 пайызбен шектеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл бастама ипотеканы халыққа қолжетімді етеді деген сенімде. Бірақ экономистер бұл болжамды жоққа шығарады. Сарапшылардың айтуынша, пайызды шектесе керісінше үйді кредитке алу қиындай түседі.
Мемлекет ипотеканың жылдық шекті пайызын 25%-дан 20%-ға түсіруді жоспарлап отыр. Бірақ қаржыгерлердің пікірінше, биыл да бұл жоспар орындалмауы мүмкін. Елдегі инфляция, яғни қымбатшылық оған мүмкіндік бермейді. Оның үстіне базалық мөлшерлеме 18% кезінде, банктер ипотеканы процентін 22%-дан артық төмендете алмайды дейді. Ал мәжбүрлі түрде шектесе нарықтағы ипотека құлдырайды деген болжам бар.
“Толықтай жаппайтын шығар. Құрылыс компанияларымен бірігіп басқа бағдарламалар ашатын шығар. Бірақ ипотеканың өзі 30-40%-ға азаюы мүмкін. 25-20%-ке төмендеткісі келсе онда базалық мөлшерлемені кемінде 2%-ға азайту керек”, – дейді экономист Жеңіс Шәріп.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, ипотеканың арзандауы сатып алушылар қатарын көбейтіп, сұраныс артады. Ал одан пәтер құны шарықтап кетпесе, төмендеуі мүмкін емес дейді.
“20 миллион теңгеге 20 жылға 25%-бен ипотека рәсімдейтін болса оның бағасы айына 420-450 мың теңгеден төлейді. Ал 20%-ға төмендеген кезде 100 мың теңгеге айырмашылық шығады. Яғни 320-340 мың теңге төлейтін болады. Яғни, отбасыларға бюджеттік қысым азаяды да ипотека қолжетімді болады”, – деді қаржыгер Бауыржан Ысқақ.
Экономистің болжауынша, ипотека арзандаса баспана бағасы 15%-ға дейін қымбаттайды. Еске салсақ, мемлекет былтырдан бері баспана несиесінің жылдық тиімді мөлшерлемесін 20%-бен шектеуді жоспарлап келеді. Өткен жылы қарашада күшіне енгізуге бекінген де еді. Бірақ базалық ставка көтерілгеннен кейін бастама тағы кейінге қалды.