Петропавлда ауруханаға кеткен зейнеткер үсіп қалған
75 жастағы зейнеткер ауруханаға барып, сол маңда үсіп қалды.
Петропавлда ауруханаға кеткен зейнеткер әйел сол маңда үсіп қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
14 қаңтар күні 75 жастағы әйел сағат 13:00-де ауруханаға кетіп, қайта оралмағаны туралы ақпарат тарады. 15 қаңтар күні таңертең еріктілер әлеуметтік желіде полиция қызметкерлері зейнеткерді аурухана аумағынан тірі тапқанын хабарлады. Алайда әйел жедел жәрдем көлігінде көз жұмған.
Полиция зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.
Аурухана әйелдің үйінен жаяу бірнеше минуттық жерде орналасқан. Зейнеткердің ұялы телефоны сөндірулі болған.
“Іздеу жұмыстарына қалалық полиция басқармасы мен полиция департаментінің қызметкерлері, Арнайы жедел әрекет ету жасағы, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылды. Іздеу шараларына барлығы 60-тан астам адам қатысты. Ауа температурасының төмен болғандықтаан іздеуді қиындатты. Жоғалып кетуі ықтимал деген нұсқа қарастырылып, оның баруы мүмкін деген жерлер тексерілді, көшедегі бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді. Алайда қараңғы батқанда жоғалған әйелдің қайда жүргені анықталмады”, – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Адемау Мендыбаева.
Учаскелік инспектор 15 қаңтар күні таңертең қарт әйелді ауруханаға жақын орналасқан, адамдар сирек жүретін аймақтағы шаруашылық корпус маңындағы қоршау жанынан тауып алды.
“Әйелдің жағдайы өте ауыр болды, қатты үсіп кеткендіктен сөйлей алмады. Ол дереу жедел жәрдем бригадасына тапсырылды, бірақ өкінішке қарай, оны аман алып қала алмады”, – деп хабарлады ведомство.
Полиция азаматтарға зейнеткерді сыртқа өз бетінше шығармай, оларға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды. Себебі денсаулығына байланысты олар бағыт-бағдарын жоғалтып, байланысқа шыға алмай, үйге қайтар жолды таба алмауы мүмкін екенін ескертті.