Қоғам

Құранды қазақша сөйлеткен тұңғыш мүфти Рәтбек қажы қайтыс болды

Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 84 жасында қайтыс болды.

Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі, белгілі дін қайраткері Рәтбек қажы Нысанбайұлы 84 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы тәуелсіз Қазақстанның діни басқармасын құруға атсалысқан тұлғалардың бірі. Ол 1990 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) бірінші құрылтайында Бас мүфти болып сайланды. Марқұм 1975 жылы Ливиядағы университетті үздік бітіріп, жеті тілді, соның ішінде араб, ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген.

Оның ең басты еңбектерінің бірі – Құран Кәрімді қазақ тіліне аудару ісіне жетекшілік етуі. 1991 жылы оның қатысуымен аударылған қасиетті кітап 200 мың данамен басылып шықты. Сондай-ақ, Рәтбек қажының ұйымдастыруымен елімізде 68 мешіттің құрылысы жүрді.

Рәтбек қажы кейінгі жылдары Алматы облысының Есік қаласында тұрып, жергілікті мешітте имамдық қызмет атқарды. 2020 жылы оның еңбегін мемлекет жоғары бағалап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Парасат» орденімен марапаттады.