«Құрбысы телефонға түсіріп алған»: баласын батареяға байлап, сабаған әйелге қатысты мәлімет белгілі болды
Жетісу облысында әйел өз баласын жылу батареясына байлап, сабады.
Жетісу облысында кішкентай баланы жылу батареясына байлап, оны ұрған әйелге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға Панфилов ауданына қарасты Нұркент ауылындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Әлеуметтік желіде 3–4 жастағы баланың аяусыз соққыға жыққан әйелдің видеосы тарады. Видеоны үй иесінің құрбысы түсірген.
Аудандық әкімдіктің мәліметінше, бұл елді мекен Қорғас шекара маңында орналасқан.
Қазіргі уақытта баланың анасы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Балаларға қатысты айтар болсақ, олар Жаркенттегі "Жанұя" отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Балалардың жағдайы қалыпты. Әлеуметтік желілерде тараған видеоны үй иесінің телефонына қонаққа келген құрбысы түсіріп алған. Үй иесі Т. дүкенге кеткен кезде телефонын үйде қалдырған. Сол уақытта құрбысы әйелдің өз баласын ұрып жатқан сәтін видеоға түсіріп алған", – деді Панфилов аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісі Нұрбол Ханағат.
Әйелге Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар, оған қатысты ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылып жатыр.