Денсаулық сақтауды дамытуға 7,8 триллион теңге бөлінген: Тоқаев МӘМС-тегі ақша жымқыруға қатысты айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:48
- 39
Ұлттық құрылтайда Президент Тоқаев әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) мен алаяқтық әрекеттердің қоғамға төндіріп отырған қаупіне арнайы тоқталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүргізілген кешенді тексеру көптеген заңбұзушылық пен теріс пайдаланушылықтарды анықтағанын атап өтті.
"Бүкіл ел сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, денсаулық сақтауды дамыту үшін күш-жігері мен қаражатын жұмылдырып жатқан кезде, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражаттың талан-таражға салынуы мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұл Әділетті Қазақстан құру стратегиясынан туындайтын міндет. Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық схемаларынан пайда тапқан барлық тұлғаларды анықтау тапсырылды. Үкіметтің Міндетті медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімін қолдаймын. Қорда болған жағдай әлеуметтік сала басшыларының кәсібилігінің төмендігі мен мемлекеттік мүддеге бейжай қарауының салдары. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің адалдығына деген қоғамдық сұраныс әлі де өзекті, жалпыұлттық деңгейдегі міндет болып қала береді", – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, 2024-2025 жылдары тек денсаулық сақтауды дамытуға мемлекет 7,8 триллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы жымқырылып жатқан кезде, жедел жәрдем қызметкерлері мен фельдшерлердің алаяқтардың ықпалымен наразылық акцияларына шығып, әлеуметтік талаптар қойғанын айтты.



