Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Көктайғақ, тұман»: 21 қаңтарға арналған ауа райы болжамы

«Көктайғақ, тұман»: 21 қаңтарға арналған ауа райы болжамы
Сурет: primpress.ru
Синоптиктер ауа райына байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырды.

«Қазгидромет» синоптиктері 21 қаңтарға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Болжауынша, елімізде тұман, көктайғақ, боран мен қатты жел күтіледі.

Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік бөлігінде тұман түсіп, Көкшетау қаласында да түнгі уақытта көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін.

Алматы облысында солтүстік, оңтүстік және таулы аудандарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады.  Қонаев қаласында түнде және таңертең тұман түсіп, жүргізушілерге жолда абай болу ескертілді. Алматы қаласында да дәл осындай жағдай сақталады.

Түркістан облысының батысы, оңтүстігі мен таулы аймақтарында көктайғақ күтіледі. Сонымен қатар, тұман түсіп, желдің екпіні кей жерлерде 15-20 м/с-қа дейін күшеймек. Түркістан қаласында да түнгі және таңғы уақытта көріну нашарлайды.

Шымкентте таңғы мезгілде тұман түсіп, солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетуі мүмкін.

Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде тұман түсіп, жолдар көктайғақ болады. Қала тұрғындарына да таңғы уақытта сақтық шараларын күшейту ұсынылды.

Қызылорда облысының орталық бөлігінде тұман күтіледі. Желдің екпіні күндіз 15-20 м/с-қа дейін күшеймек.

Батыс Қазақстан облысында, соның ішінде Орал қаласында көктайғақ болады. Жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметтері жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды.

Абай облысының Жарма ауданында оңтүстік-шығыстан соғатын жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Ұлытау облысының шығысы, оңтүстігі мен орталығында тұман түсіп, Жезқазған қаласында көріну шектеледі.

Жетісу облысында Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 17-22 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Қостанай облысының батысы, солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі.

Маңғыстау облысында тұман мен көктайғақ болады. Түнде өңірдің солтүстік-шығысында ауа температурасы -20…-22 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Кей аудандарда күндіз де қар мен боран басылмайды.

Жамбыл облысында мезгіл-мезгіл тұман түсіп, желдің екпіні 25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Тараз қаласында да таңғы уақытта көріну төмендейді.

Синоптиктер тұрғындарға алыс жолға шықпауға, көліктерін қысқа дайындап, ауа райы болжамын үнемі бақылап отыруға кеңес береді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар