Спорт

Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлына қатысты тексерістің қорытындысы шықты

Жәнібек Әлімханұлының В-допинг сынамасы да ағзасында тыйым салынған заттың бар екені расталды.

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасының қорытындысын шықты. IBF және WBO тұжырымдары бойынша спортшының В-допинг сынамасы да ағзасында тыйым салынған заттың бар екенін растады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тағы VADA (Ерікті допингке қарсы қауымдастық) ұйымынан 34 беттен тұратын қорытынды сараптама келген. 

"Жақында Америкадағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын сараптама қорытындысы келіп, В сынамасы расталды (Әлімханұлында допинг бар екені - ред). Қазіргі таңда Жәнібекке қатысты юрисдикцияны біздің федерация өз қолына алды. Өйткені ол — федерациямыздың лицензияланған боксшысы. Сонымен қатар оның қатысуымен өткен соңғы бокс кеші Астанада, біздің санкциямызбен ұйымдастырылды. Қазір басты мәселе — ол бұл затты әдейі қабылдады ма, жоқ па? Оның ағзасына қалай түсті? Әзірге осы сұрақ ашық күйінде тұр", — деді Рахымжан Ерденбеков.

Федерация басшысы спортшының бұл затты әдейі қабылдағанына күмән келтіріп отыр. Әлімханұлының ісін тәуелсіз сарапшылар да, ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері де қарап жатыр.