21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімі: Шымкент ПД басшысы қызметінен босатылды
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы студенттің өлімінен кейін ПД басшысы қызметінен кетті.
Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбеков кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмысынан босатылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтінішін тиісінше қарамауы бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр.
"Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйек жан-жақты тексеріледі. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды", - деп жазылған ІІМ хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылған.
Еске салайық, 11 қаңтар Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы студент Нұрай қаза тапты. Полиция адам өлтіру дерегін растады және қылмыстық іс қозғады. Күдікті - марқұмның танысы, ол ұсталды.