"Әрбір министр мен әкімнен нақты нәтижелер керек": Олжас Бектенов Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының министр мен әкімдерге қойған талаптарын айтып өтті.
Премьер-министр Олжас Бектенов 21 қаңтарда өткен үкімет отырысында Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың министр мен әкімге қойған қатаң талаптарын қайта қайталап өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін жариялаған ауқымды саяси реформаларының жалғасы болған бастамалар көтерілгенін атап өтті.
"Қазақстанның заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды. Бұлар – қоғамды ұйыстыру, отаншылдық, әділдік және "Заң мен Тәртіп" қағидаттарына деген мызғымас ұстаным. Ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналған "Таза Қазақстан" да негізгі құндылықтардың қатарында тұр", - деді премьер-министр.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының алға қойған еліміздің одан әрі экономикалық дамуына қатысты негізгі міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігіне назар аударылды.
"Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тосын инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі туралы қатаң талаптар қойды. Бұл өмірдің барлық саласына қатысты. Әрбір министр мен әкімнен, әрбір сала мен өңірде көзге көрінетіндей нақты нәтижелер керек", - деді Олжас Бектенов.