Шерзат Болат өлімі: Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды.
Талғардағы төбелес кезінде кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Аталған іс бойынша қоғамда түрлі әңгіме тарап, көпшілік алаңдаушылық білдірген.
«Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша көп азаматтар алаңдаушылық білдіріп, тікелей эфирде және басқа да жерлерде, одан қалса журналистер де сұрап жүргендіктен және бұл іске қатысты өсек-аяңды тоқтату үшін осы ақпаратты жариялап отырмын. Осы уақытқа дейін жауап бере алмадық, өйткені іс жалғасып жатты. Десе де, осы аралықта атқарылған жұмыстардың арқасында біз бұл нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын,» – деді адвокат.
Мейірман Шекеевтің айтуынша, Қаржаубайдың айналасында оған қарсы адамдар болған.
«Қаржаубайдың кейбір жаулары біздің үнсіздігімізді оның міндетті түрде сотталатынына балап, бақылап жүрді. Құқық қорғау органдары істі объективті қарады. Соның нәтижесінде Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 12-тармағына сәйкес тоқтатылды», – деді Шекеев.
Сонымен қатар, адвокат Қаржаубайдың болашақты жолы ашық болуын тіледі.