Басты жаңалықтар

«Қыз зорлау жазасы — жеңіл»: депутаттар жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қыз зорлау ауыр қылмыс екенін және жаза күшейтуді ұсынды.

Қыз зорлау жазасы қоғам күткен деңгейден әлдеқайда жеңіл. Мәжіліс депутаттары осы олқылықты айтып, заңдағы жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

«Қалыңдықты алып қашқаны үшін жаза 10 жылға дейін күшейтілді. Ал зорлау қылмысына небәрі 3 жылдан 8 жылға дейін жаза қарастырылған. Бұл – заңдағы үлкен олқылық. Біз бұл жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Мен әріптестеріме ұсыныс айтамын және өзім де зорлау қылмысы үшін жауапкершілікті күшейтуге бастама көтеруге дайынмын. Меніңше, бұл – әлдеқайда ауыр қылмыс», - дейді ҚР Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қыз алып қашуды адам ұрлаумен тең қылмыс әрі тұтас ұлттың абырой-беделіне нұқсан келтіретін жабайы әрекет деп мәлімдеді. Президенттің пікіріне Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың кісі қолынан қаза табуы себеп болғаны белгілі. Қоғамды дүр сілкіндірген аталмыш оқиға бүгін мәжілісте де талқыланды.

Депутат Мұрат Әбеновтің айтуынша, мұндай жағдайға құқық қорғау органдары тарапынан кеткен өрескел кемшіліктер жол ашып отыр. Ол полицейлердің әрекетін сауатсыздықпен немесе жемқорлықпен байланыстырады.

«Мәжбүрлеп некеге тарту. Ол бойынша 3 жыл, 5 жыл, 10 жылға дейін сотталуы керек. Ол заң бар, бірақ Шымкенттің полициясы оны біле тұра, қыркүйектен бастап іске асты. Бірақ полиция неге қабылдамағанын білмеймін. Білмеуі мүмкін, сауатсыз. Жүре берген, бұрынғы заңмен. Екінші, ішкі табиғатынан оны қылмыс деп санамайтын полицейлер көп, өкінішке қарай.  Енді қайтер екен, өздері шешеді ғой деп», - деді ҚР Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.